8 наурыз Аналар мерекесі қарсаңында Қаратау ауылымен іргелес орналасқан «Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл аналарына арнайы құрмет білдірді. Сарыжаз, Ақсүмбе, Бақырлы ауылдарындағы 110 анаға 1 млн 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықтар тапсырылды. Бұдан басқа, көктемнің осынау шырайлы күндері ауыл әкімдігі мен мектеп, аурухана ұжымдары «сырлы жеңге, ару қайынсіңлі» тақырыбында тәрбиелік маңызы зор мерекелік шара өткізіп жатқандығын да айтып кету керек. Салтанатты шараға аудандық мәслихаттың депутаты, ауылдағы жалпы орта мектептің директоры Іргебай Омаров, ауыл әкімі Оразхан Ермахан, ауыл ардагерлері, ата-аналар комитетінің төрағалары, мектеп басшылары, ардақты аналар, ауыл тұрғындары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Көктем мерекесінде сый сияпат алған аналар өндіріс басшыларына, ауыл басшыларына өздерінің зор алғыстарын білдірді. Расында бұл күн алғыстардың алғыстарға жалғасқан күні болды. Осындай жарқын да шуақты күндер мол болсын!