«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы тағайындалды

Бүгін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ұжымына ұлттық атом компаниясының жаңа Басқарма төрағасы Ғалымжан Олжаұлы Пірматовты таныстырды. Ол бұған дейін ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген.

Ғ. Пірматовтың кандидатурасы компанияның жалғыз акционері «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның шешімімен бекітілген. Қор басшысы атап өткендей, Ғ. Пірматов атом өнеркәсібінде жұмыс тәжірибесі бар кәсіби басшы. 2009-2011 жылдар аралығында Ғ. Пірматов «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті болды. 2011-2015 жылдары «Cameco Kazakhstan» тау-кен компаниясын басқарды.

            – Ғалымжан Пірматов – атом индустриясында жақсы танымал жоғары білікті маман. Ол саламен жақын таныс, сондықтан компания алдында тұрған мақсат-міндеттерді толық орындап, қазір салада жүріп жатқан жүйелі реформаларды соңына жеткізе алады, - деді Ө. Шөкеев.

Кездесуге Қазатомөнеркәсіптің бұрынғы басшысы, бүгінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев қатысты. Ол Қор басшылығы мен ұлттық атом компаниясының ұжымына бірлесе атқарған жемісті жұмыс үшін ризашылығын айтып, жаңа басшыға табыстар тіледі.

Еске сала кетсек, ҚР Президентінің 2017 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Асқар Жұмағалиев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалған болатын.

           

Анықтама:

Ғалымжан Пірматов Новосибирск мемлекеттік университетін, Қазақстанның экономика және болжау менеджменті институтын, Atkinson Graduate School of Management, Willamette University бітірген.

Әр жылдары «Алтын-Тас» БК қаржы директоры, AIG Silk Road Capital Management компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры, «Халық банк» АҚ инвестициялық банкинг департаментінің директоры, ҚР экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті, «Cameco Kazakhstan» компаниясының президенті, ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.