Қазатомөнеркәсіп өндірістік қауіпсіздік мәселелеі бойынша 2018 жыл қорытындысын шығарды

2019 жылдың 20 ақпан күні Шымкентте өткен ХХІ қорытындылаушы кеңесте өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-дағы еңбекті, қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіптік, радиациялық және ядролық қауіпсіздік күн тәртібіндегі басты тақырыпқа айналды.

Форумға Қазатомөнеркәсіп басшылары, еншілес және тәуелді ұйымдардың, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ ҚТЖ мен ҚазМұнайГаз ұлттық компанияларының өкілдері қатысты.

- Атом холдингі Қазақстанның заңнамалары талаптарын міндетті түрде орындаумен қатар өндірістік қауіпсіздік саласындағы әлемдік үздік тәжірибелерге де толық сәйкес болуы керек. 2019 жылы компания қауіпсіздік мәдениетін, көшбасшылық пен басшылар жауапкершілігін дамытуды одан әрі жалғастыратын болады, - деп атап көрсетті Қазатомөнеркәсіптің Басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов.

2018 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ кәсіпорындарында өнеркәсіптік апатқа жол берілген жоқ.

 Қазатомөнеркәсіп Халықаралық әлеуметтік қамтамасыз ету қауымдастығының (International Social Security Association – ISSA) нөлдік жарақаттануға ұмтылу жөніндегі бастамасын қолдап, былтыр Vision Zero халықаралық бағдарламасының қатысушысы ретінде тіркелді.

2019 жылы еңбекті, қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіптік және радиациялық қауіпсіздік саласында жетістіктерге қол жеткізген қызметкерлер Қазатомөнеркәсіп Басқармасы төрағасының сыйлығымен марапатталатын болады. Аталмыш сыйлық өндірістік қауіпсіздік нормалары мен ережелерін орындау бойынша қатардағы қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру және ынталандыру үшін 2018 жылғы желтоқсанда тағайындалды.

Кеңес барысында өндірістік қауіпсіздік саласында үздік көрсеткіштерге ие және 2018 жылы жазатайым оқиғаларға жол бермеген атом холдингінің кәсіпорындары Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ал 1-орынды алған «Қаратау» ЖШС-на ауыспалы кубок тапсырылды.